Ақтау прокуроры Алматы әуежайындағы жанжал үшін айыппұл арқалады

cover Фото: Gov.kz

Апелляциялық сот Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған дейін бірінші инстанциядағы сот Әбдіровтің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп істі жапқан. Алайда бұл шешімге әуежай көлік прокуратурасы келіспей, апелляциялық шағым түсірген еді.

Апелляциялық соттың шешімі бойынша, оқиға 27 тамызға қараған түні Алматы әуежайының аумағындағы автобус ішінде болған. Тергеу барысында анықталғандай, прокурор Ерболат Әбдіров жолаушыларға тиіскен, қоғамдық тәртіпті бұзған. 

Сот оның кінәсін дәлелденген деп танып, 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.

Прокурор төңірегіндегі дау «мас болып жанжал шығарды» деген мәліметтерден кейін өршіген. Маңғыстау облыстық прокуратурасы қызметтік тергеу бастағанын хабарлап, тексеріс уақытына Әбдіровті қызметінен шеттеткен. Ал Әбдіровтің өзі тағылған айыптарды асыра сілтеу деп есептейді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар