2020 жылы желтоқсанда басталған Қордайға қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр

cover

Жетінші ақпандағы тәртіпсіздіктерге қатысты елу бір адам айыпталып отыр.

Негізгі процесс Тараздағы 13-ші тергеу изоляторында өтіп жатыр. Журналистер қалалық сот ғимаратынан онлайн бақылай алады.  Тыңдалымға 51 айыпталушының бесеуі провизорлық ауруханадан, изолятордағы медициналық бөлімнен онлайн қатысты. Баспасөз қызметінің мәліметінше, олар коронавирусқа тест тапсырып, нәтижесі оң шыққан. Тағы 16 адам онлайн қатысып жатыр. Олар тергеу кезінде ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Өзгелері тергеу изоляторында отыр. 

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - kordaj-1-1024x461.jpg
Сот процесі онлайн өтуде

СОТ ЗАЛЫНДА ӨЗІН ЖАРАҚАТТАДЫ 

18 қаңтардағы сот процесі аяқталған соң айыпталушының бірі - Шамиль Харсанов өзін иығынан жарақаттаған.

«Таңертеңнен бастап менің алдыма актілер, өтініштер түсті. Түсінуімше, кеше мен кетіп қалған соң сот залында Харсанов өзін оң иығынан жарақаттаған», - деді судья Айдарбек Замбаев 19 қаңтардағы сот процесі кезінде. 

Шамиль Харсанов ҚР ҚК 272 бабы бойынша (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) айыпталып отыр. Ол сотқа отбасының жағдайы қиын екенін айтып, бірнеше рет хат жазған екен. Өз әрекетін түсіндірмек болғанмен, сот оны тыңдамаған. 

«Сізге қазір істеген ісіңіз бойынша түсініктеме беру керек емес, мұнымен тиісті органдар айналысады. Қазір осы оқиға бойынша актіні арнайы органдарға жіберемін. Олар сіздің психологиялық жағдайыңызды тексереді. Ал мен тек қылмыстық іс бойынша жұмыс істеймін», - деді судья болған жайт туралы. 

Осыған дейін сотта Щимар Сангуй, Исмар Уширов, Шакир Мауров, Исмар Хижин, Эрса Дауров, Юбур Чешонло, Закир Юнху, Ислам Кимуров, Шамиль Харсанов және Харки Саров есімді дүнген азаматтары өздерінің қарамағында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бар екенін, бұрын сотта болмағанын ескере отырып,  қылмыстық істі тоқтатуын немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысу айыбын өзін қорғау туралы бапқа өзгертуін, болмаса бұлтартпау шарасын өзгерту туралы талап-тілек білдірді.

Сонымен Марлен Карибаев және Бақытбек Ибраимов, Жұмахан Ботабасов бұлтартпау шарасын өзгерту бойынша талап-тілек білдірді. Судья аталған арыздар бойынша әлі сот процесі аяқталмағанын, қылмыстық іс материалдары толық зерттелмегенін айтып, қанағаттандырудан бас тартты. 

Қордай ісіне қатысты сот процесі өтіп жатқан ғимарат сыртындағы күзет

ЖАСТАРДЫ ЕШКІМ ТОҚТАТА АЛМАЙТЫН ЕДІ

Сот процесі екі айға жуық уақыт жалғасып келеді. Қазір жанжал кезінде болған полиция қызметкерлері мен тұрғындар іске куә ретінде тартылуда. Айыпталушылардан түсініктемелер де алынды.

Қаракемер учаскелік полиция қызметкері Саят Арзыханов сотқа куәгер ретінде қатысты. Ол жетінші ақпанда болған жанжалда Қаракемер мен Масаншы тұрғындарының арасындағы қақтығыста тәртіп сақшысы ретінде жүрген.

«Сол күні таңертең кезекшіліктен келіп едім, кешкі 18:15 шамасында «дабыл» деп қайта шақыртып алды. Масаншыға келгенде елу-жүз шақты жастар айқайлап, шулап келе жатты. Өрескел ешнәрсе жасаған жоқ, бірақ дарбазаларға тас лақтырды. Тас тиіп кетпесін деп қызметтік көлікті көрші көшеге апарып қойып, біздің жігіттердің (өзге полиция қызметкерлері – ред.) жанына қосылдым. Ол кезде ешқандай өрт болған жоқ. Жастар бес-он минуттай айқайлап жүрді, біз оларды ауылдан шығарып жібердік те, көпірде (Қаракемер мен Масаншы ауылдарының арасындағы –ред.) тосқауыл жасап тұрдық», - дейді ол.

Оның айтуынша сол кезде жиырма-отыз шақты полиция қызмет атқарған, ал жастар саны анағұрлым көп болған.

«Қаракемер әкімі, әкімшілік қызметкерлері болды. Бақтыбек аға, Мұрат аға (айыпталушылардың бірі, тәртіпсіздік ұйымдастырды деген кінә тағылып отырған Мұрат Қиябеков, Қаракемер мұғалімі – ред.) бар еді. Олар жастарға «қайтыңдар, бәле болады» деп айтты. Сол ауылдың үлкен кісілері болмаса, біз жастарды игере алмайтын едік. Үлкендерді тыңдап, ауылдан шығып кетті», - дейді Саят Арзыханов. 

Оның сөзінше, сол уақытта телефон байланысы, рация мүлде жұмыс істемеген, басқа ауылдар маңайында қанша адам жүргенін, жағдай қалай болып жатқаны туралы еш хабары болмаған. 

Полиция жастарды шығарып жіберген соң Қаракемер мен Масаншы ауылдарының арасындағы көпірде тосқауыл жасап тұрады. Екі жақтағы топ бір-біріне тас ата бастайды, тіпті полиция қызметкеріне де тас тиіп жатқан. Бірақ тәртіп сақшылары жастарға «тас лақтырмаңдар, қойыңдар» деп үндеу жасағаннан бөлек ешқандай қимылға бармаған.

Біраз уақыттан соң Масаншы ауылының шетіндегі бір-екі үй өртене бастайды.

«Сол кезде ар жақтағы үшінші әлде төртінші тұрған екі қабатты үйден мылтық даусы естілді. Адамдарға қарап атылды дей алмаймын, тек топты (Қаракемер жақта тұрған–ред.) қорқыту үшін, өздерін қорғау мақсатында атылған сияқты көрінді. Олар (Масаншы тұрғындары – ред.) Қаракемерге қарай шабуылдаған жоқ, тек ауыл шетінде тұрып қорғанды», - дейді полиция қызметкері. 

Сотқа келген айыпталушылардың туыстары мен адвокаты

Жанжал кезінде дүнген ауылы тарапынан мылтық атылғанын сотқа келген екінші куәгер, қордайлық Ержан Әбдібеков те айтты. Ол сол күні әлеуметтік желіден жанжал туралы видеоларды көріп, кешке өз көзімен көру үшін тәртіпсіздік болған жерге келіп, полиция қызметкерлерінің жанында бақылап тұрған. 

«Сағат тоғыздар шамасында Масаншы ауылы жағынан мылтық даусы естілді, нақты кім атқанын білмеймін. Кейін Газ-53 маркалы көлік келіп, Қаракемерге қарай өтті. Жүргізушінің кім болғанын білмеймін, бірақ бортында оншақты адам болды. Олар жерге түсіп, сол ауылдағы қазақтардың жанына қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, айқай шу басталды. Кейін түнгі он бірге қарай жанжал аздап тынышталғандай болды, полиция қызметкерлері көбейе бастады», - дейді Саят Арзыханов. 

Екі куәгер де тәртіпсіздік бастағандар арасында нақты көшбасшылар, «жүріңдер, жүгіріңдер» деп нұсқау берген адамды байқамағандарын, топтың жаппай қимылдағанын айтады.  

Куәгерлер сот залында тікелей болған жоқ, Қордай аудандық сотынан онлайн қосылды. Бірақ байланыс нашар болғандықтан бірнеше рет үзіліп отырды. Мүмкіндікті пайдаланып оларға прокурор, судья, адвокаттар және айыпталушылар да сұрақ қойды. 

2020 жылы жетінші ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында жүздеген адамдардың қатысуымен ұлтаралық қақтығыс болып, он бір адам қайтыс болды. 158 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алды. 156 үй мен сауда нысандары, сондай-ақ 102 автокөлік зақымданды. Наурыз айының соңында алғашқы күдіктілер қамауға алынып, тергеу ісі басталды. 

Желтоқсаннан бері елу бір адам қатысқан сот процесі өтіп жатыр. Оларды алпыс адвокат қорғап отыр. Айыптаушы жақта төрт прокурор бар. Қылмыстық іс төрт жүз томнан асады. 

Жанжалға қатысты сот процесі апта соңына дейін жалғасады. Одан кейінгі уақытын сот белгілейді. Әзірге айыпталушылардан, куәгерлерден түсініктеме алынып жатыр.

Авторы: Әсем Қаратай

Тараз

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар