Желтоқсан оқиғасына кінәлі адамдар әлі билікте отыр – Отарбаев
Бүгін, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі. Бұл – азаттық таңын аңсаған азаматтар мен қыршын кеткен жастардың ерлігін еске алатын күн. Тәуелсіздік күні әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Бұл мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке.
Биыл Тәуелсіздік күні «ұлттық мереке» мәртебесінен айырылды. Бұдан былай ол мемлекеттік мереке саналады. Заң бойынша бұған дейін Тәуелсіздік күні 16 және 17 желтоқсан күні тойланатын.
16 желтоқсан күні қазақ халқы боздақтардың ескерткішіне гүл қояды, елімізде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыралады.
Желтоқсан желі ызғарлы…
Желтоқсан күнінің тарихына тоқталайық. XX ғасырдың соңына қарай алып империя болған КСРО-ның іргесі сөгілді. Одақ құрамында болған елдер өз алдына бөлек отау тігіп, тәуелсіздіктерін жариялады. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.
Азаттық алған күнге дейінгі бұлқынысты айтпай кетуге әсте болмайды. 1986 жылы 17-19 желтоқсан күндері Алматыдағы қазақ жастарының КСРО-ның отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы іс-қимылдары ел есінде мәңгіге сақталмақ. Себебі, бұл – бостандыққа ұмтылған қазақ жастарының жігері һәм рухы сыналған күн. КОКП ОК еркіндік аңсаған жұрттың бұл әрекетін «ұлтшылдық» деп бағалады.
Сол себепті көтеріліске қатысқан батыр азаматтар қудаланып, қиындық көрді. Желтоқсан оқиғасына қатысып, абақтыға жабылған азаматтардың бірі – Кенжебай Отарбаев.
Orda.kz тілшісі сол бір күндерді көзімен көріп, жан-тәнімен сезінген азаматпен әңгіме өрбітті. «Желтоқсан республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кенжебай Отарбаев Желтоқсан оқиғасын есіне алып, түрлі деректермен бөлісті.
Кенжебай Отарбаев 1964 жылы Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Баласағұн ауылында дүниеге келген. Ол 18 желтоқсан күні алаңға шығып, ауыр жарақат алады. Кенжебай Отарбаевты жастармен бірге қаланың сыртындағы сайға апарып, тепкілеп, соққыға жыққан. 19 желтоқсанда қамауға алынып, 10 тәулік түрмеде отырады. 1987 жылы 8 қаңтарда қайта тұтқындалып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір Кенжебай Отарбаев Алматы қаласында тұрады.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың көпшілігі сол күндерді есіне алғысы келмейді. Бұған не себеп?
Екі түрлі себеп бар деп ойлаймын. Біріншіден, сол кездегі жан жарасын ауыртқылары келмейді, есіне түсіргісі келмейтін болар. Сол күні алаңда болған аға-апаларыңа Желтоқсан оқиғасын еске алу оңайға соқпайды. Өте ауыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында жылына бір мәрте хроникаларды көреміз. Жасым 60-қа таяғанымен сол күнді есіме алғанда көзіме жас келеді. 1989 жылы біздің ұйым ең алғашқы ұйым болып құрылды. 1989 жылы абақтыдан шығып келген соң, ұйым құрдық. Сол сәттен бастап желтоқсанның 25 жылдығына дейін бірде-бір ұйым болған емес. Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының үйіне барып, ұйым құрамында болуға шақырдық. Сол кезде бәрі ат-тонын ала қашып, бас тартатын. Ал қазір Желтоқсанның батырымын дейтін азаматтар көбейді. Оның шын мәнінде батыр немесе сатқын екенін, тіпті, жәй сырттан бақылап жүргенін кім біліпті?! Екіншіден, естелік айтқысы келмесе - айтар сөзі жоқ. Менің ойымша, сол үш күн бойы алаңда болып, көтерілісті көзімен көргендер бұл күн туралы ауыр болса да айтып береді.
Желтоқсан оқиғасының әлі де айтылмаған құпия тұстары бар ма? Қазіргі жастар нені білуі керек?
Желтоқсанның шындығы әлі күнге дейін ашылмай келеді. Сол кездегі көтеріліске тікелей қатысы бар әрі көтерілісті басып-жаншуға тырысқандар, абақтыда азапталған жастардың, аналардың төгілген көз жасына кінәлі адамдар әлі билік басында отыр. Олар желтоқсанның шындығын ашуға қорқады. Осы уақытқа дейін желтоқсан көтерілісіне саяси-құқықтық баға берілмей келеді. Біз бұл туралы жыл сайын билік өкілдеріне хат жазамыз. Бірақ мардымды жауап жоқ. Келешекте ақиқат айтылады, шындықтың беті ашылады.
Сол кездегі жастар мен қазіргі жастар арасынан алшақтық байқайсыз ба?
Ол уақыттағы тәрбие мүлде басқаша болатын. Елі мен жерін сүйетін, тілін, салт-дәстүрін қастерлейтін азаматтар ол кезде де болды, қазір де бар. Бірақ бір өкініштісі, қазір орысша сөйлеуді мәдениеттілікке санайтындар көбейді. Негізгі алшақтық осы деп ойлаймын. Біз егер қазақша сөйлеп, тәуелсіздігімізді сақтай білсек қалғаны уақыт еншісіндегі дүние болмақ. Әрдайым жастарға ұлтжанды болыңдар деп айтып жүреміз.
Желтоқсан айы басталған сәттен әкімдіктер жаңа жыл тойлауға дайындала бастайды. Бұл ненің белгісі? Сіздерге қандай деңгейде көңіл бөледі?
Тәуелсіздік күні өтпестен бұрын жаңа жылдық безендірулер болмауы тиіс. Бұл туралы тек желтоқсандықтар емес, белсенділер мен қоғам қайратерлері айтып жүр. Билік көбіне қорқады. Олар алаңға шыққанда арандатушылар күш алып кете ме деп қауіптенеді. Біз әлі күнге дейін қызыл империяның солақай саясатынан шыға алмай келеміз. Бізге автобустар мен метроларда тегін жүруге мүмкіндік берді. Желтоқсандықтарды Денсаулық сақтау басқармасына тіркетіп қойған. Қазір 16 ұйым бар. Бір жылда әр ұйымнан 5 адамды шипажайға жібереді. Мүлде көңіл бөлмейді деп айтуға келмес. Жыл сайын бір мәрте 150 мың теңге көмек беріледі.
Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіз Қазақстанда болған Қаңтар оқиғасының ұқсас тұстары бар ма?
Қаңтар оқиғасынан кейін бізге бұл сұрақ жиі қойылады. Айырмашылық бар. Желтоқсан көтерілісіне қазақты басқарып отырған Қонаевты орнынан алып, басқа ұлттан басшы тағайындау себеп болды. Біз ол уақытта тәуелсіз мемлекет болған жоқпыз. 86 жылғы желтоқсан көтерілісі мен қаңтар оқиғасын салыстыруға келмейді. Қаңтар оқиғасына 30 жылдағы халықтың ашу-ызасы, қордаланған мәселелер, қымбатшылық пен жоқшылық себеп болды.
Сұхбатыңызға рахмет!
Жаңалықтар
- АҚШ жер серіктеріне шабуыл жасау үшін ғарышқа қару орналастыруды жоспарлап отыр
- Қызылжардағы су басқан үйлердің 80 пайызға жуығы техникалық байқаудан өтті
- Алматыда 1 маусымға дейін Mass Alert сейсмикалық ескерту жүйесі енгізіледі
- Журналист жалаңаш бейнетүсірілімі үшін мемлекеттік органнан өтемақы өндірді
- Бішкекте шетелдіктерге қарсы наразылық күшейе түсті
- Қазақстан бүгін АҚШ құрамасымен хоккейден әлем чемпионатында кездеседі
- Қазақстан мен Жапония су тасқынымен күресуде күш біріктіреді
- «Атырау-Орал» тас жолы тасқын суды өткізу үшін қазылды
- СҚО-да су басқан үй қалмады – Төтенше жағдайлар министрлігі
- Арықтарды жөндеу Алматыны су басудан құтқармайды
- Orda News аптаның басты оқиғаларына шолу жасады
- Ердоған қапаста жатқан бұрынғы жеті генералға рақымшылық жасады
- Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті
- Тоқаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті
- Атырауда облыс әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан көрікті жерлер су астында қалды
- Қазақстанда Ресей заңнамасын бұзған Өзбекстан азаматтары ұсталды
- Банкроттыққа жүгінетін борышкерлер
- 2025 жылдан бастап кіріс туралы декларацияны жариялау міндетті болады
- Жалақының ЖІӨ-дегі үлесі талап етілетін 50 пайыздың небәрі 30 пайызын құрайды- Әшімбаев
- «Алатау» әлемдегі ең экологиялық таза және озық қала болады